Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазіргі таңда Алматыда 1 098 балабақша жұмыс істейді. Оның 202-сі – мемлекеттік, 896-сы – жекеменшік. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарда 87 196 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 38 835 бала мемлекеттік, ал 48 361 бала жекеменшік балабақшаларға барады. Сонымен қатар 792 жекеменшік балабақша мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қызмет көрсетеді.
Кеңесте 2027 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілетін міндетті лицензиялауға мектепке дейінгі ұйымдардың дайындығы, мемлекеттік білім беру тапсырысының орындалуы, енгізілген ваучерлік қаржыландыру тетіктері және балабақша кезегін қысқарту шаралары қаралды.
Сондай-ақ балабақшалардың санитарлық және лицензиялық талаптарға сәйкестігіне, инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңа балабақшалар салу, қолданыстағы ғимараттарды реконструкциялау және жаңғырту, бұрынғы балабақша ғимараттарын мемлекет меншігіне қайтару, оларды сатып алу арқылы қосымша орындар ашу және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру және балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды балабақшаларды лицензиялауға уақытылы дайындауды, мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамыту жобаларын жеделдетуді, балабақша кезегін қысқарту жұмыстарын жалғастыруды және балалардың тәрбиесі мен оқуына заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Манас көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады