«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алатау ауданында 12 700 орындық 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алатау ауданында 12 700 орындық 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Қала әкімімен кездесуге келген азаматтарды толғандырған сан сұрақтың бірі де – осы сала. Тұрғындар шаһар басшысынан мектептердегі орын тапшылығын біржақты етуді өтінді.
Айта кетейік, былтыр Саялы-2 шағынауданында 550 орындық жаңа оқу ордасы бой көтерген. Ал биыл Зерделі шағынауданында тағы бір білім мекемесінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, ауданда жыл соңына дейін бірнеше «Жайлы мектеп» қолданысқа беріледі.
«Жылдың соңына дейін 7 мектептің құрылысы аяқталады. Бір жылдың ішінде бәрін шешуге мүмкіндік жоқ. Бірақ биыл салынған мектептерге балаларыңыз, немерелерің оқитын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде қала әкіміне көшелердегі шұңқырларды жөндеу жөнінде сұрақ қойылды. Ал шаһар басшысы мердігерлерге қойылатын талап күшейтілетінін жеткізді.
«Осындай жағдайлар бойынша қала тұрғындары «е-Otinish», «Open Almaty» әкімдігінің қоғамдық қабылдауы немесе жол инфрақұрылымына арналған Almaty_Joly арнайы Telegram-арнасы арқылы хабар бере алады», – деді қала әкімі.
Жиында сөз алған тұрғындардың бірі әкімге аудандағы қоғамдық көлік мәселесін жеткізді. Ерболат Досаев олардың қызмет көрсету сапасын арттыру әкімдіктің назарында екенін жеткізді.
«Алғабаста №115 маршруттан басқа қоғамдық көлік жүрмейді. Соның өзі жай жүреді. Қосышша көлік берсеңіз», – деді қала тұрғыны.
«Алматы электротранс» қоғамдық клікпен қамтамасыз етеді. Қазір кезде 10 автобус, тұрғындар көп, сондықтан тағы 5 маршрут қосамыз. 20 маусымға дейін автобустар тіркеуден өтіп, нөмер алады» – деді мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Қала әкімі өз баяндамасында былтыр аудандағы жылжымалы құрам 1221 автобустан 1467-ке дейін ұлғайғанын жеткізді. Оқу жылының басында «Мектеп автобусы» жобасын іске асыру аясында Алатау ауданының 8 мектебінің 1 100 оқушысын тасымалдау үшін 21 көлік бөлінген.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да қарқын алып келеді. Былтыр бұл шаруаға 2,5 млрд теңге бөлініп, 45 жоба жүзеге асқан. Ал биыл олардың санын 50-ге жеткізу жоспарланған.
«Биыл қыркүйекке дейін 31 қоғамдық кеңістікті, 16 аула аумағын абаттандыру және көшелерді жарықтандыруды модернизациялау бойынша 3 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Айта кетейік, қала экономикасының өркендеуінің арқасында Алатау ауданының бюджеті былтыр шамамен 40 пайызға ұлғайып, 43,7 млрд теңгеге жетті. Ал биыл бұл қаражат тағы 30 пайызға өскен.
Гүлмарал Изатқызы
Оқи отырыңыз: Тылсым әлемге сапар: Алматының жас жазушысы белгілі болды