Қазірдің өзінде электронды тәртіпте есеп айырысу жаппай тараған
Экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов Ұлттық қорды сақтау мен бюджет тапшылығы мәселесін шешуге қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап
- Ұлттық қорды болашаққа, ұрпаққа қалдыруымыз керек. Өйткені, заман қиындап барады. Әсіресе, климаттың өзгеруіне назар аударған жөн. Халықаралық ұйымдардың зерттеуіне қарасақ, Қазақстанда су тапшылығы мәселесі өзекті болады. Себебі көрші елдерден өзен суын алып отырмыз. Бұл бағытта бізге қомақты инвестиция керек, яғни жерасты суын және басқа да технологиялар арқылы су тарту жобаларын іске асыруға қомақты қаржы салу қажет, - деді Е.Каримов.
Оның пайымынша, бюджет тапшылығын болдырмау және оны басқаруға қатысты негізгі мәселелерді шешу керек.
- Біріншіден, «көлеңкелі» экономикамен күреске мән берген жөн. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда «көлеңкелі» экономиканың деңгейі 18 пайыз шамасында, яғни экономиканың бестен бірі. Онымен күресу үшін Қазақстан толықтай қолма-қол ақшадан бас тартуы керек деп санаймын. Қазірдің өзінде бізде электронды тәртіпте есеп айырысу жаппай тараған... Егер біз қолма-қол ақшамен есеп айырысудан толықтай бас тартсақ, жемқорлықпен және «көлеңкелі» экономикаға тосқауыл қоюда нәтижелі болады, - деді сарапшы.
Оқи отырыңыз: Нұрқанатты ұрамын деп шатасып, Шерзатқа қол жұмсадым: сот отырысында Шыңғыс Белғожаев жауап берді