Биыл тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер 2 есеге көбейген
Мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғайып келеді. 2023 жылмен салыстырғанда былтыр берешек көлемі 17,2 пайызға өскен. Ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер 2 есеге көбейіпті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін төменгі палатының қарауына Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері енгізілді.
Былтыр бюджеттегі 371 миллиард теңге игерілмей қалған. Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктері берілген қаражатты тиімді пайдалана алмаған. Нәтижесінде 73 лауазымды адам жауапқа тартылған. Мұндай деректі депутаттарға Қаржы министрлігі айтты. Ал жоғары аудиторлық палатаның өз есебі бар. Олар игерілмеген қаржының көлемі 860 миллиард теңге деп отыр. Екі ведомство көрсеткіштерінің сай келмеуі мәжілісмендердің назарын аудартты.
«Біз екі ақпарат әзірлейміз. Бірінші ақпарат 2024 жылы бюджетті тексеру барысын анықталған сомасы. Ол жаңағы менің әріптесім айтқан 371 миллиард теңге – бюджетке аудит жасау барысында өткен кезеңде қамтылған екінші ақпарат. Ол 2024 жылы жүргізілген 27 аудит қорытындысымен 860 миллиард теңге игерілмеген. Оның ішінде тиімсізі де бар, қарыз бұзышылық та бар. Айырмашылық осы жерден шығып тұр», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов.
Мәжілісмен Жигули Дайрабаев есепті неге ашық бермейсіздер деп жауаптыларға шүйлікті. Сондай-ақ бюджетті Үкімет әлі күнге дұрыс жоспарлай алмай отыр деп ашуланды. Былтырдың өзінде билік қазына қаражатының шығыс бөлігін 13 рет өзгерткен. Бұл – соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш.
«2024 жылы 3,6 триллион теңге бюджет тапшылығы бар. Жылдан жылға бюджет тапшылығы өсіп жатыр. Қаржы министрлігінің ісіне тиянақты қарамайды? Экономика министрлігімен жоспарлаған кезде ескеру керек қой. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» демей ме? Неге сіздер тиянақты есеп жасап, жетпейтін нәрсені бағдарламадан қысқартпайсыздар?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.
Ал депутат Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» қорын тарату керек деген ұсынын көтерді. Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ ұлттық, мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмыс істеп, байып кеткен азамат көп.
«60 пайыз мемлекеттік сатып алуды бір көзден өткізген. Мен соны түсінбеймін. Қандай төтенше жағдай болып жатыр? Осыларды анықтапсыз, бірақ ұсыныстарыңызды көріп отырған жоқпын? «Самұрық-Қазына» 60 пайыз, «Бәйтерек» 50 пайыз бір көзден қаржы бөлінген. Елдің ұлттық қазынасын, алып, бір қолға әкеліп беру – кәдімгі ұрлық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Бұл мәселе жоғары аудиторлық палатаны да алаңдатып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаға» аудит жүргізіліп жатыр. Шілдеде аяқталғаннан кейін, депутаттың ұсынысы қарастырылуы мүмкін. Өйткені «Самұрық-Қазына» бюджетке тиесілі дивиденттерді толық төлемей отыр. Былтыр квазимемлекеттік сектор бюджетке 980 миллиард теңге ғана аударған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23 пайыз аз.
Қазақстанның сыртқы қарызы 31,8 триллион теңгеге жеткен. Ал салық түсімі 604 миллиард теңгеге азайған. Бұл – бүгін Мәжілісте айтылған сандар. Деректер былтыр ел экономикасының өсімі Үкімет болжаған нысанылы деңгейден төмен болғанын көрсетеді. Депутаттардың қызу талқысына түскен республикалық бюджет алдағы жұмыс тобында талқыланады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу талаптары өзгерді ме