Ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі кінәлі деп танылды
Ақтауда қаржы пирамидасын құрып, қара халықтың қалтасын қаққан азаматтарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесі кінәлі деп танылып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Заңсыз кәсіптерін дөңгелеткендер инвестициялық қор ретінде жасырынып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге инвестиция салуды ұсынған.
Сонымен қатар Африка елдеріндегі алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысып жатқанын мәлімдеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам салымшы әккілердің арбауына түсіп, 9 млрд теңгеден астам қаржыны қолдарына ұстатқан
«Тергеу барысында салынған қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшотына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды. Кейіннен бұл қаражат жеке мақсаттарға, оның ішінде құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттіліктерге жұмсалған. Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сонымен қатар азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Көкшетауда автокөлікті иесімен бірге ұрламақ болған ер азамат ұсталды