Almaty SuperSki қоршаған ортаға залалын тигізбей ме - мамандар жауап берді

Тау курорты Көкжайлау аумағында бой көтеріп, Алматының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Almaty SuperSki қоршаған ортаға залалын тигізбейді». Бұл туралы жобаға жауапты мамандар айтты. Бұл шаруа қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оның экологияға әсері, тарихи мұраны сақтау және қаржыландыру мәселесіне қатысты қауесеттерге бүгін жоба авторлары мен мамандар жауап берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тау курорты Көкжайлау аумағында бой көтеріп, Алматының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек. Жоба аясында тәулігіне 10 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 60 шақырымдық тау-шаңғы трассасы, заман талабына сай 17 аспалы жол және қажетті инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланып отыр. Мамандардың пікірінше, бұл бастама қысқы спорттық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді. ¤

«Өткен аптада дүниежүзілік өндіруші аспалы жолдарды шығаратын өндіруші Францияның компаниясымен келісімге қол қойдық, сонымен келесі аптадан бастап олар жұмыстарын бастайын деп жатыр. 11 заманауи аспалы жол салынатын болды», – деді Kazakh Tourism development компаниясының басшысы Ержан Еркінбаев.

. Кеңес отырысында курорт құрылысы экологиялық талаптарға сай жүргізілетіні жайлы айтылды. Жауаптылар «аталған аумақта Қызыл кітапқа енген өсімдіктер бар» деген қауесетті жоққа шығарып, онда арнайы ғалымдар тобы жұмыс істегенін айтты. Сондықтан бұл шаруаның іске асуы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Одан бөлек, демалыс орнының құрылысына байланысты Алматы ауызсусыз қалады деген алып-қашпа әңгімеге де жауап берді. Мамандардың сөзінше, жоба шаһардың инженерлік құрылымына ешқандай әсер етпейді. Оған қоса, қаржыландыру көзі сөз болды. Халық арасында аталған демалыс орны Ұлттық қордың қаржысына салынады деген әңгіме де шыққан. Бірақ Ержан Еркінбаев оны жоққа шығады. Сонымен қатар жиында тау курортына апаратын жолдардың жайы туралы баяндалды.

«Almaty SuperSki жобасына Навои, Дулати көшелері жақтан жеткізетін жолды кеңейту жұмыстары басталды. Ол әкімдік тарапынан жүргізіліп жатыр. Ал SuperSki жобасының территориясында ішкі жолдар мен техникалық жолдар, көпірлер салынып жатыр», – деді Kazakh Tourism development компаниясының басшысы Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ тау курорты бой көтеретін аумақта археологтар жұмыс істеп жатыр. Мамандар ерте темір дәуіріне жататын қорғандар, ғұрыптық алаңдар, қыштан жасалған бұйымдар және сақ дәуіріне тиесілі алтын әшекейлерді тауыпты.

«Табылған барлық артефактілер ғылыми өңдеуден өтіп, мемлекеттік музей қорына тапсырылады. Ал тарихи құндылығы жоғары нысандар анықталған жағдайда, олар өз орнында сақталады. Барлық зерттеу жұмыстары заң талаптарына сай жүргізіліп жатыр», – деді Ә. Марғұлан атындағы Археология институты ұлттық археология қызметінің басшысы Ерлан Әміров.

Айта кетейік, сарапшылардың болжамынша, бастама аясында жаңа жұмыс орны құрылып, 2028 жылға қарай ішкі туристер саны 3,4 миллион адамға дейін артады. Ал шетелден келетін қонақтар легі 2 жарым миллион адамға дейін ұлғаймақ.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда медицина ардагерлеріне арналған Даңқ аллеясы ашылды