Жаттығулар арнайы мамандардың жетекшілігімен қауіпсіз алаңда ұйымдастырылады
Алматыда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Мемлекеттік грант аясында қолға алынған бастамалардың бірі – инклюзивті адаптивті спорт, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарға спортпен тұрақты түрде айналысуға жағдай жасалып, олардың физикалық белсенділігін арттыруға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік беріледі.
Айта кету керек, жоба мемлекеттік грант аясында іске асқандықтан, азаматтар қызметті тегін алады.
«Біздің орталықта жыл сайын шамамен 90 бала көмек алады. Олардың қатарында мемлекеттік грант аясында немесе өздері келген азаматтар бар. Әлеуметтік, спорттық іс-шаралар жүргізіледі. Сондай-ақ массаж түрлерін тегін алады. Айта кетейік, бізге келетін балалардың қатарында жеңіл атлетикамен айналысатын ұлттық құрамадағы спортшылар да бар», – деді қоғамдық қор жетекшісі Айша Таңатова.¤
Жаттығулар арнайы мамандардың жетекшілігімен қауіпсіз алаңда ұйымдастырылады. Одан бөлек, мұнда әрбір қатысушының жеке ерекшелігі ескеріліп, соған сәйкес бейімделген бағдарлама ұсынылады. Қор жетекшісінің айтуынша, шаһардағы инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған әрбір жоба – мүмкіндігі шектеулі бала мен оның ата-анасына берілетін үлкен қолдау.
«Логопед маман, логопед-дефектологқа барып, бала қатарластарымен қатынас орната бастады. Массаж жасаған баланың омыртқасы түзеліп, денесін тік ұстай бастады», – деді ата-ана Айдана Дүйсемби.
Оқи отырыңыз: Алматыда биыл 100-ден астам жеделсаты ауыстырылады