Алматыда халықаралық аспаздар сайысы өтті

Бұл – жас мамандар үшін теорияны тәжірибеге ұштастырудың таптырмас алаңы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда XV халықаралық аспаздық фестивалі өтті. Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты — қолданбалы кәсіптердің мәртебесін көтеру, жастарды қолдау және гастрономиялық мәдениетті дамыту, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үш күнге жалғасатын сайыста 200-ге жуық қатысушы аспаздық, наубайшылық және кондитерлік бағыттар бойынша сынға түседі. Фестиваль Алматыдағы орта білім беру мекемелерінің бірінде өтіп жатыр.

Үш күн ішінде фестиваль алаңында «Алтын наубайшы», «Алтын шеф-кондитер», «Алтын шеф-аспаз» байқауы өтпек. Сонымен қатар тағамдардан жасалған көркем шығармалар экспозициясы мен шоколад пен қамырдан дайындалған авторлық дастархан мәзірі көпшіліктің назарына ұсынылады.

«Жарысқа өзім ойлап тапқан тәтті тағамды жасап жатырмын. Оның аты: «Тарт пен жент». Бірінші рет қатысып отырмын, қобалжыдым, қорқыныш болды», – деді қатысушы Данияр Рахымжан.

Қазір бір мезетте бірнеше байқау өтіп жатыр. Командалық аспаздар сайысы мен «Қазақстанның ең үздік пиццасы – 2025» чемпионаты қызып жатыр. Қатысушылар дәмді ғана емес, эстетикалық жағынан да тартымды тағам әзірлеуге тырысады. Әрбір жұмыс 25 халықаралық сарапшының бағалауынан өтеді.

«Фестивальдің мақсаты – аспаздық кәсібінің деңгейін көтеру. Бұл фестиваль жыл сайын өтеді. Қазір конкурстың бірінші деңгейі өтті. Қателіктері бар. Бірақ конкурс сол үшін өткізіледі», – деді  сарапшы Кенжебек Өтепов.

«Біздің колледж заманға сай жабдықталған. Сондықтан фестивалді ұйымдастыруға көмектесіп жатырмыз», – деді колледж директоры Айнұр Мұқажанова.

Worldchefs Дүниежүзілік аспаздар қауымдастығының кәсіби шеберлері фестиваль аясында ашық сабақтар өткізіп, жаңа әдіс-тәсілдерін бөлісті. Бұл – жас мамандар үшін теорияны тәжірибеге ұштастырудың таптырмас алаңы.

Айжан Дайрабай, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Бақытын еңбектен тапқан ұжым: «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымында нан өндірісі жөнінде

Новости партнеров