Ашық аспан астындағы кітапхана: Алматыдағы саябақтарда буккроссинг қалай дамып келеді

30.07.2026 13:58

Жаздың алғашқы 2 айында 3 мыңнан астам тұрғын көркем шығармалармен танысқан

Almaty.tv

«Жастарды кітап оқуға баулу арқылы ғана кітапқұмар ұлт қалыптастыра аламыз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында осындай пікір білдірген еді. Осы бағытта Алматыда түрлі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Жарқын жаз» жобасы аясында ұйымдастырылған ашық аспан астындағы кітап алмасу алаңы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаздың алғашқы екі айында 3 мыңнан астам тұрғын көркем шығармалармен танысқан.

Салтанат Еркінбек – он жасынан бері көркем әдебиетке ден қойып, 8 жыл ішінде жүзден астам шығарманы оқып шыққан алматылық студент. Әсіресе табиғат аясындағы тыныштықта кітап парақтағанды ұнатады. Сондықтан Алматыда 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Жарқын жаз» жобасы аясындағы буккроссинг бастамасының жалғасып, көпшілікке қолжетімді болуын қуанышпен қабылдағанын айтады.

«Жобаның бастау алғанына қуаныштымын. Ең алғаш АҚШ-та ашылды деп естігеннен Қазақстанға қашан келеді деп үмітпен күтіп жүрдік. Ең алғаш қолыма Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» мен «Өлгендер қайтып келмейді» атты кітабымды алмастыруға келгенімде әлем әдебиетіне жолым ашылды. Бұл – жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып жатқан өте керемет жоба», – деді студент Салтанат Еркінбек.

Алматы саябақтарында іске асып жатқан «буккросинг» жобасы оқырмандарға өз сүйікті шығармасын еш ақысыз оқуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда әр адам сөреден қалаған кітабын алып, оның орнына өзі оқып шыққан туындысын қалдыра алады. Жоба басталғалы жаздың 2 ай қортындысында 3 мыңнан астам алматылық осы мүмкіндікті пайдаланған.

«Алматы қаласында 3 нүктесі орналастырылған. Олар Ганди саябағы, Мұқағали Мақатаев және Қарағайлы саябақтары. Яғни бұл буккросингте не бар десеңіздер? Жалпы оқырмандарға арналған әлем, қазақ  және орыс әдебиеттері бар. Уақыты таңғы 10:00-нан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Оқырмандар бұл жерге келіп өзінің қалаған кітаптарын еркін  оқи алады», – деді Алматы кітапханалар желісінің қызметкері Ақниет Пайлан.

Жаз мезгілінде буккроссинг алаңдарына күн сайын орта есеппен 40–50 адам келеді. Ал зерттеу деректеріне сәйкес, еліміздегі ересектердің 57 пайызы кітапты тұрақты түрде оқиды. Ал олардың 28 пайызы электронды нұсқаны қолайлы көреді. Мамандардың айтуынша, ашық аспан астындағы осындай кітап алмасу алаңдары кітап оқитын ұлт тәрбиелеуге ықпал етеді.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Әуе сүйер қауым үшін тамаша орын: Алматыда авиациялық стильдегі жаңа фотоаймақ пайда болды