Министрліктің мәліметінше, солтүстік және шығыс өңірлердегі жылу желілері 1 қыркүйекке дейін толық дайын болады
Биыл еліміздегі электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз көп. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бөлінген қаражаттың көмегімен жыл соңына дейін жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52 пайыз төмендету жоспарланыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал Семей, Орал, Тараз қалаларындағы электр стансалары мен Ақтаудағы екінші жылу электр орталығының техникалық жағдайы күрделі нысандар ретінде әлі де «қызыл аймақта» қалып отыр. Биыл еліміз бойынша 9 энергия блогына, 55 қазандыққа және 51 турбинаға толық жөндеу жүргізіледі. Жауаптылар қазір бұрын анықталмаған жасырын ақаулар табылып, оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын да хабарлады.
«Бүгінгі таңда 2 энергия блог, 13 қазандық пен 8 турбинді жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар жылыту маусымы басталғанға дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желілерін 44 қосалқы станса және 377 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау көзделуде», – деді ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев.
Министрліктің мәліметінше, солтүстік және шығыс өңірлердегі жылу желілері 1 қыркүйекке дейін толық дайын болады. Ал электр стансаларындағы негізгі жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталып, жылыту маусымына толық әзір болуы тиіс. Оңтүстік және батыс өңірлерде негізгі жөндеуді қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Жылыту маусымына дайындық: Қазақстанда ЖЭО мен жылу магистральдары жаңартылуда