Нутрициологтар нитраттың шамадан тыс көп болуы – ас қорыту жүйесінен бөлек, бауыр, бүйрек әсерін тигізетінін айтты
Жаз жақындаса болды, дүкен мен базар сөрелері қауын-қарбызға толады. Сол себепті, үлкен-кішінің аңсары бақша өніміне ауады. Бірақ жеміс-жидек мезгілінен бұрын әкелінгендіктен, оны жеп уланатындардың да саны азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аптап ыстық басталысымен шөлді басар қауын мен қарбызды аңсайтынымыз рас. Алайда соңғы жылдары бақша өнімінің бұл түрі дүкен мен базар сөрелеріне мамырдан бастап келетін болды. Ал қауын-қарбыздың алғашқы легі Өзбекстан мен Ираннан тасымалданған.
БЛИЦ:
«Жеп көрдік. Шардарадан келгендер жақсы».
«Жоқ, жеп көрген жоқпыз. Қауын-қарбыз енді піседі ғой. Қазір бәрі дәрі шығар».
«Жей берген дұрыс деп ойлаймын»
«Бастапқы қарбыз қауындарды жемеуге тырысамыз. Өйткені оны әртүрлі қоспа қосады. Тезірек пісіріп, сату үшін ертерек бастайды»
Тәжірибе жасап көрмекке бел байлап, базардан алған қарбызымызды ұлттық сараптама орталығына апардық. Мамандардың тексерісінен өткізіп көрдік. Расында да, олар бақша өнімінің құрамындағы нитраттардың шамадан тыс екенін анықтап берді. Қызметкерлердің сөзінше, азот қышқылы тұзының шекті мөлшері бір келіге шаққанда қарбызда – 60, қауында – 90 милиграм болуы керек.
«Пісіп-жетілу мерзімі болады. Алматы, оңтүстік өңірде тамыз айында піседі. Тұтынушыларға беретін кеңесіміз, таңдау кезінде міндетті түрде бірінші сырт пішініне көз жүгірту, мән аудару керек. Демек ол нақты жасыл болмауы, сонымен қатар иісінің өзгеше болуы не болмаса мүлдем иісінің болмауы сияқты фактілер болатын болса, онда алмаған дұрыс деп есептейміз», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Кенжегүл Қонысбаева.
Ал нутрициолог мамандар, нитраттың шамадан тыс көп болуы – ас қорыту жүйесінен бөлек, бауыр, бүйрек сияқты маңызды ағзаларға да әсерін тигізетінін айтты. Зиянды затқа толы бақша өнімі әсіресе балалар мен қариялар үшін өте қауіпті.
«Қарбызды жегеннен кейін 14 сағаттан кейін ғана, алғашқы көрінісі біліне бастайды. Ол әлсіздік, бас ауруы, бас айналуы, іштің ауруы, іштің өтуі, сосын құсу, жүрек айну сияқты адам ағзасында өзгеріс пайда болады», – деді С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Арайлым Бейісбекова.
Ауырсыну белгілері байқалса, дәрігерге жүгініп, қажетті кеңес алып, көбірек су ішу керек. Себебі адам бойындағы су-тұз теңгерімін қалыпты деңгейде ұстауы маңызды. Ал «Ауру-астан» деген мамандар қауын-қарбызды нағыз піскен шағында алуға кеғес береді.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Бурабай ұлттық паркі аумағында заңсыз балық аулау фактісі анықталды