Сыр өңірінде 2 майдангер мен 1700-ге тарта тыл ардагері бар
Тылдағы тынымсыз тірлік талай тағдырдың арнасын өзге жаққа бұрды. Қызылордалық Құрмаш Есімсейітов – сол ауыр нәубетті бастан кешкен жанның бірі. Еңбек майданының жауынгері 12 жасынан бастап ауыр жұмысқа жегілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соғыс оты тұтанған тұста Құрмаш Есімсейітов небәрі 12 жаста еді. Ойын баласының бар ойы шаруаның шашауын шығармау болды. Колхоздың қара жұмысын атқара жүріп, қой бағып, түйе түлетті. Тіпті сарышұнақ аязда Қаратауды қапталдай жатқан шопандардың азығын түн жорытып тасыған күндері де болған. Қазыналы қарияның бастан кешкен әр сәті аңызға бергісіз әңгіме.
«Елдегі жастарды, мұғалімдерімізді де түгелдей соғысқа алып кетті. Бізді оқытатын мұғалім болмай қалып, шопандарға көмекші етіп жіберді. Қиыншылықты көрдік. Одан өтіп жақсы заманға келдік. Халқымыз еркін жүретін жағдайға жетсін деп тілеймін», – деді тыл ардагері Құрмаш Есімсейітов
Оны өмір ерте есейткен. Сұм соғысты көзбен көрмесе де, салқынын көңілмен сезген ол еңбек майданының барлық сатысынан өтіп, бейнеттен бел жазбады. Қария сындарлы кезеңде де сынып кеткен жоқ. Бүгінде 12 ұл-қызынан тараған немере-шөберенің арасында шүкіршілік етіп отыр. Абыз ақсақал төртінші мамырда 96 жасқа толды.
«Бәрі соғысқа кетіп қалған. Малшыларға көмекші болып, қиыншылықты бастан өткіздік. Бірақ сол еңбекпен шыңдалып, осындай жасқа жетіп отырмын деп есептеймін. Ол кісілердің көрген бейнетін жастарға бермесін!» – деді Қ. Есімсейітовтің інісі Нұржан Бәшпенов
Тыл еңбеккерлері естелігін бөліссе, майдангерлердің ұрпағы батыр бабасынан қалған құнды мұраларды көздің қарашығындай сақтап отыр. Өңірде мектеп оқушылары 500-ден астам тарихи құнды жәдігерлерді жинап, музей қорын толықтырған. Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына соғыс ардагері Ықылас Өксікбаевқа тиесілі ағаш шабадан мен бәкі тапсырылыпты. Ардагер бұл тұрмыстық заттарды Германиядан алып келген көрінеді. Енді майдангер ұрпағы отбасылық мұраны көпшілікпен бөлісуді жөн көріпті.
«Советтің жеріне келдіңдер» деп бір шақырым қалғанда суға түсіріп кеткен. Атам «сол кезде қос шабадан мені судан алып шықты» деп отыратын», – деді Ақжар ауылының тұрғыны Нұржамал Тұрсынбаева.
Шынында Жеңіс күнін жақындатуға майданның қос қаһарманы да өлшеусіз үлес қосты.
Айта кетейік, Сыр өңірінде 2 майдангер мен 1700-ге тарта тыл ардагері бар. Мереке қарсаңында оларға құрмет көрсетіліп, еңбегі дәріптелуде.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Соғыс бір үйлі жаннан жалғыз қалдырды - Ізбай Әтейбекұлы