Ғылым – ел дамуының стратегиялық ресурсы

01.08.2026 12:22

Ғылымды қаржыландыруға бизнестің қатысуы күшейіп келеді

ЖИ көмегімен жасалған

Жаһандық технологиялық бәсеке аясында ғылыми зерттеулер тұрақты экономикалық өсу, өнеркәсіпті жаңарту және білімге негізделген экономика қалыптастыру үшін стратегиялық маңызға ие болады. Қазақстан заңнамалық тетіктерді, қаржыландыру тәсілдерін және басқару жүйесін жетілдіре отырып, ғылыми саланы дәйекті түрде жаңғыртып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғылыми зерттеулердің іс жүзінде тиімділігін арттырып, әзірлемелерді коммерцияландыруға және ғылыми ұйымдардың нақты сектор кәсіпорындарымен өзара іс-қимылын тереңдетуге ерекше басымдық берілуде.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын қаржы көлемінің едәуір артуы. 2023 жылдан бері ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл зерттеу тақырыбын кеңейтуге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға, келешегі зор әзірлемелерді қолдауға және отандық технологияларды өндіріске енгізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар саланың кадрлық әлеуеті де нығайып келеді. 2025 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын мамандар саны 28 374-ке жетті, бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда үштен бірге артты. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды. Бұл ғылымға жаңа буын  зерттеушілердің келіп жатқанын және отандық ғылымды одан әрі дамыту үшін тұрақты кадрлық резервтің біртіндеп қалыптасып отырғанын көрсетеді.

Бүгінде ғылыми қызметті реттейтін және зерттеу қауымдастығы үшін қосымша кепілдіктер беретін неғұрлым тұтас құқықтық жүйе қалыптасып келеді. Заңнамалық деңгейде «ғалым» және «ғылыми қызметкер» ұғымдары бекітіліп, Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. PhD бағдарламасының түлектері үшін қосымша жағдай жасалып, кәсіби қолдау шаралары күшейтілді.

Жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы санатқа жататын азаматтардың жас шегі 44 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл ғылыми және кәсіби тұрғыдан белсенді даму кезеңіндегі мамандардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.

Ғылымды қаржыландыру жүйесіне де жаңа тәсілдер енгізілуде. Дәстүрлі гранттық тетіктермен қатар прототиптер, тәжірибелік үлгілер және дайын технологиялық шешімдер жасауға бағытталған тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау көзделген. Мұндай тәсіл ғылыми идеядан нақты өндіріске дейінгі жолды қысқартуға және отандық әзірлемелердің өнеркәсіптегі сұранысын арттыруға ықпал етеді. Қаражыландыру кезінде еліміздің стратегиялық ғылыми-технологиялық міндеттерін шешуге және нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.

Ғылымды қаржыландыруға бизнестің қатысуы күшейіп келеді. Индустриялық серіктестер үшін бірлесіп қаржыландыру тетіктері кеңейтілуде, ал ал салықтық жеңілдіктер, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шегерімдер инновацияға инвестиция салу және жаңа технологиялар енгізу үшін қосымша жағдайлар жасайды.

Сонымен қатар бүгінде өңірлердің рөлі артып келеді. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру құқығына ие болды, ал облыстар үшін олардың ғылыми-технологиялық мамандануын ескере отырып, жоспарлар әзірленді. Ерекше назар аударылатын бағыттардың бірі – Алматы, Курчатов және Астана қалаларында университеттерді, ғылыми ұйымдарды, жоғары технологиялық бизнес пен инновациялық инфрақұрылымды біріктіретін білім мен ғылымды қажетсінетін аймақтар құру.
Оқи отырыңыз: Дала фестивалі – 2026: Қостанайда еліміздің ең ірі аграрлық шарасы басталды