Қара балуанның етігі: Сыр өңіріндегі облыстық музей қоры ерекше жәдігермен толықты

Ғасырдан астам тарихы бар етік атадан балаға мұра боп жеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңіріндегі облыстық музей қоры ерекше жәдігермен толықты. Бұл жолы жас зерттеушілер ел аузында «Қараның балуаны» атанған Серәлі Дүйсенұлының саптама етігін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғасырдан астам тарихы бар етік атадан балаға мұра боп жеткен. Сыры кетсе де, сыны кетпеген жәдігерді Серәлі палуанға Темірбек Жүргеновтің әкесі сыйлаған көрінеді. Былғарыдан тігілген, ұзын қонышты астарлы етіктің музейге жетуінде жас зерттеуші Еркенұр Қуанышбектің еңбегі зор.

 «Ауылымызға байланысты тарихи жәдігер зерттегіміз келді. Түрлі дереккөздерден ақпарат жинап, соңында Қара байдың жеке түйе балуаны – Серәлі Дүйсенұлының етігін таптық. Етікті өзінің қолдан жасаған асадалынан алдық», – деді жас зерттеуші Еркенұр Қуанышбек.

Серәлі Дүйсенұлы Сыр өңіріне ғана емес, тұтас төңірекке танымал балуан болған. Жауырыны жер иіскемеген күш иесіне арнайы тігілген саптама етіктің қонышы – тізені жауып тұратындай ұзын әрі кең. Ішінде матамен астарланған киіз байпағы бар. Табаны мен өкшесі шегеленіп бекітілген. Өлшемі де ерекше: табаны – 44, ал биіктігі – 46 сантиметр. Бұл етік – тұрмыстық бұйым ғана емес, иесінің болмысын айшықтайтын тарихи жәдігер.

«2017 жылдан бері ауыл-аймақтағы құнды жәдігерлерді жинақтауға мән беріп келеміз. Былтыр 500-ге жуық, биыл 200-ден астам жәдігер жиналды. Соның ішінде ерекше қызығушылық тудырған – Серәлі Дүйсенұлының саптама етігі. Қазір ғылыми қызметкерлер оны зерттеу үстінде. Алдағы уақытта экспозиция қатарынан орын алады», – деді Тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Еңлік Әбілқасымова.

Оқи отырыңыз: Президент мемлекеттік наградалар тапсырды

Новости партнеров