Қызылорда облысында Қарлан көпіріндегі жұмыс қайта жалғасты

Мемлекет қазынасынан әзірге 750 миллион теңгеден астам қаржы қаралған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында құрылысы тұралап қалған Қарлан көпіріндегі жұмыс қайта жалғасты. Бұл мәселені Almaty.tv тілшілері көтерген.

Мердігердің жұмысына көңілі толмаған әкімдік істі сот арқылы шешуге ұмтылған. Енді ескі жобаға қатысты жаңа мердігер анықталыпты. Сырдарияның үстімен өтетін өткелде құрылыс қарқын алған. Оннан аса елдімекеннің халқы көптен күткен нысанның үш жылда үш тіреуіші ғана тұрғызылған деп налып еді. Сондықтан бұл – арғы бетте қоныс тепкен 15 мыңға жуық халық үшін маңызды жоба. Өйткені Сыр беткейдегі жұрт әлі де аудан орталығына қалқымалы көпір арқылы қатынап, жылдар бойы жол азабын тартып келеді.

 «2024 жылы құрлыс аяқталуы керек еді. Бүл – халықтың үміті», – деді Қазалы ауданының тұрғыны Қашқынбай Нысанов.

«Қатынасқа өте қажет. Кеше дария тасыған кезде патонды алып тастады. Халық 10 күндей зардап шекті», – деді Қазалы ауданының тұрғыны Өткелбай Жолмырзаев.

Жоба бойынша ұзындығы 250, ені 9 метр болатын көпірдің үш жылда небәрі 20 пайызы ғана салынған. Сондықтан ауқымды іс жаңа мердігерге қалды. Қазір мамандар өзен табанына темір-бетон тіреуіштерін құюға дайындық жүргізіп жатыр.  Жалпы Қарлан көпірінің құрылысын жалғастыруға мемлекет қазынасынан әзірге 750 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Халық асыға күткен өткелді жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беру көзделіп отыр.

 «Технологиялық алаң жасап жатырмыз. Техниканың бәрі бар. Бір айдың ішінде жұмысқа 70-80 адамға дейін аламыз», – деді жоба жетекшісі Айбек Айтөреев.

Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем көлік апаты: ес-түссіз жатқан әйел адам көз жұмды

Новости партнеров