Жаңа өткел темір жолдың екі бетінде орналасқан халықтың байланысын жеңілдетіп отыр
Қызылорда облысы Арал ауданында жылдар бойы жырға айналған аспалы көпір пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа өткел темір жолдың екі бетінде орналасқан халықтың байланысын жеңілдетіп отыр. Әсіресе оңтүстік беткейдегі елді мекендерден келетін көлік ағыны үшін күре жолға шығу қиындық туғызатын. Ал осыған дейін қолданыстағы өткел жабылса, ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болып, көпшілік сағаттап кезек күтетін еді. Тіпті оқыс жағдай болғанда жедел құтқару қызметтерінің жетуі мұңға айналған. Енді жергілікті жұрт «бұл мәселе түбегейлі шешілді»,- деп қуанып отыр.
«Бұл көпір — халық көптен күткен жұмыс еді. Бұрын оқушылар да, көлік жүргізушілері де пойыздан көп кедергі көретін. Кейде сағаттап күтіп қалатынбыз. Енді, міне, қатынас жеңілдеді. Бұл көпірдің пайдасы өте үлкен», – деді Арал ауданының тұрғыны Байнияз Тілепов.
Аспалы көпірдің ұзындығы 940 метр. Жобаға сәйкес, жолдың екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы да салынып, түнгі жарықшамдар орнатылды. Еске салайық, көпірдің құрылысы былтыр мамырда басталған еді.
«Бұл ауданда жалғыз темір жол өткелі еді ғой. Екі пойыз қатар келіп қалса, екінші бетке өту мұң болатын. Аспалы көпір берілгелі бері көп жеңілдік болды. Енді уақыттан да ұтып жатырмыз, оқыс оқиға болса, дер кезінде барып үлгеріп жүрміз», – деді Арал аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі Сұлтанәли Нұрәлиев.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында әкім қыз зорлады деген күдікке ілінді