Тілсіз жаумен күресуге мыңдаған өртсөндіруші, әскерилер және Еуропалық Одақтың арнайы авиациясы жұмылдырылды
Еуропаның оңтүстік-батыс бөлігін шарпыған жойқын орман өрттері басылмай тұр. Франция мен Испанияда тілсіз жаумен күресу үшін мыңдаған өртсөндірушілер, әскери бөлімдер мен қауіпсіздік күштері жұмылдырылды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде жағдай өте күрделі. Құрғақ аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан өрт тез таралып, Бордо агломерациясына қарай жақындап келеді. Осыған байланысты билік бірнеше елді мекеннің тұрғындарын жедел эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Елде жалпы алғанда 220 000-нан астам адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді.
Өртті ауыздықтауға 1 400 өртсөндіруші, 1 500 әскери қызметші және 1 700 қауіпсіздік күштерінің өкілдері, сондай-ақ арнайы авиация тартылған.
Еурокомиссия Төрағасы Урсула фон дер Ляйен Франциядағы апатпен күресу үшін арнайы rescEU резервінен бес ұшақ пен екі тікұшақ жіберілгенін мәлімдеді. Франция Ішкі істер министрлігінің өкілдері ел бойынша өртенген аумақтың көлемі 100 мың гектарға жуықтағанын және бұл көрсеткіш ел тарихындағы рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті.
Көршілес Испанияда да жағдай мәз емес. Мадрид маңы мен Авила провинциясында шарпыған өртке байланысты ел Үкіметі жалпыұлттық төтенше жағдай режимін енгізді. Мұнда 100 000-ға жуық адам эвакуацияланды.
Испанияға көмекке Еуропаның бірнеше елі қол созды:
Италия: 14 маман мен екі Canadair ұшағын;
Португалия: 129 маман мен 41 арнайы техниканы;
Грекия: 33 маман мен үш ұшақты аттандырды.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес қазіргі басты басымдық — адамдардың өмірін сақтап қалу, елді мекендерді қорғау және тілсіз жауды тоқтату екенін хабарлады. Оның айтуынша, мемлекет апаттан зардап шеккен өңірлерге кейіннен қалпына келтіру жұмыстары кезінде де толық қаржылай әрі материалдық қолдау көрсетеді.