Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Алматы облысында 14 жастағы оқушы қызды азғырды деген күдікпен ұсталған ер адам бұрын-соңды мектепте жұмыс істемеген. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, ведомство дер кезінде шара қабылдаған. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында 14 жастағы қызбен қонақ үйге барған домбыра үйірмесінің ұстазы қамауға алынған.
«Біз тез арада тиісті шара қабылдадық. Анықталғандай, оқиға Алматыда емес, Алматы облысында болған. Сосын мұғалім деп жүрген адам мектепте ешқашан істемеген. Сол себепті осыған да назар аудару керек, бірақ әрине, бұл оның жауапкершілігін төмендетпейді. Бұл жағдай тиісті бағасын алуы керек. Қазір тергеу жүріп жатыр. Заң аясында тиісті шара қолданылады деп ойлаймын», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министр журналистердің «алдағы уақытта мектептерде жыныстық сауаттылық сабағы өткізіле ме?» деген сауалына жауап берді. Ғани Бейсембаев аталған дәріс оқушыларға өткізілмейді деп қысқа қайырды. Сондай-ақ «жауапкершілікті түгелдей білім ордасына артып қою дұрыс емес» деген ведомство басшысы бала тәрбиесі ең алдымен ата-ананың міндеті екенін еске салды. Бұл ретте, арнайы тапсырмамен ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған.
«Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тиісті іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Бірақ бұл сіз айтып отырғандай тікелей тәрбие беру емес. Ең алдымен, бала тәрбиесі – ата-ананың міндеті. Біз оларға қолдау көрсетеміз», – деді министр.
Оқи отырыңыз: Алданған оқушы, қоғамдық әдепсіздік: аптадағы оқиғаларға шолу