Сайлаушылардың белсенділігі неге байланысты - сарапшылар пікірі

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары әлеуметтік зерттеу жүргізіп, халықтың алдағы сайлауға қызығушылығы жоғары екенін анықтаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сайлаушылардың дауыс беруге қатысуына отбасының әл-ауқаты мен болашаққа деген сенімі де әсер етеді». Сарапшылар осылай деп отыр. Олар азаматтың алдағы өміріне деген оң көзқарасы оның Құрылтайға қатысу ықтималдылығын арттыратынын айтты, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары әлеуметтік зерттеу жүргізіп, халықтың алдағы сайлауға қызығушылығы жоғары екенін анықтаған. Респонденттердің төрттен үші дауыс беруге қатысуға дайын көрінеді. Сауалнама барысында сарапшылар сайлаушылардың таңдауына әсер ететін тағы бір факторды байқаған.

«Біз азаматтардан «алдағы 12 айда өміріңіз қалай өзгереді деп ойлайсыз?» деп сұраймыз. Егер адам өткен кезеңмен салыстырғанда өмірім жақсарады деп үміттенетінін айтса, біздің деректеріміз көрсеткендей, бұл оның сайлау учаскесіне келіп, белгілі бір партияға дауыс беру ықтималдылығын арттырады», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова.  

Сарапшылар сайлауалды кезеңде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат көбеюі мүмкін деп отыр. Қазірдің өзінде интернетте партия өкілдері мен танымал тұлғалардың бейнесі заңсыз қолданылған жазбалар таралып жатыр. Мамандар дипфейк жасауға заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, тек ресми дерекке сүйенуге шақырады.

«Азаматтың келісімінсіз бет-бейнесін қолдану – заңға қарама-қайшы дүние. Бүгінгі күні фейк ақпараттар да тарап жатыр. Ол жаһандық тенденция ғой, жалғыз Қазақстанда болып жатқан жоқ. Мәселе ақпараттың аздығында  не көлемінде емес, азаматтың сол ақпаратқа деген сенімінде»,– деді саясаттанушы Найла Мұхтарова.

Партиялар мен кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат материалдарын жасанды жадының көмегімен дайындаса, контент міндетті түрде арнайы белгімен таңбалануы тиіс. Бұл талап биыл шілде айында күшіне енген Цифрлық кодексте бекітілген.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Ата заң – ұрпақтар сабақтастығы: Атырауда ардагерлер жастармен кездесті