Шегірткемен күрес: Ауыл шаруашылығы министрлігі 2 млрд теңге үнемдеген

27.07.2026 19:58

Қазақстанда шегіртке зиянкестерінің саны екі жыл қатарынан азайып келеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күрес жұмыстарынан 2 млрд теңге үнемдеген. Ведомство зиянкестерге қарсы іс-шаралардың толық аяқталғанын мәлімдеп, бүгін қорытынды жиын өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жауаптылардың айтуынша, қауіп-қатерді ерте анықтау жүйесіне көшу және фитосанитариялық қызметті цифрландырудың арқасында биыл егістік алқаптардың зақымдануына жол берілмеген. Сонымен қатар Қазақстанда шегіртке зиянкестерінің саны екі жыл қатарынан азайып келе жатқаны айтылды. Осының нәтижесінде өңдеу жұмыстары жүргізілген аумақ көлемі 2024 жылғы 3,1 млн гектардан 2026 жылы 1,8 млн гектарға дейін қысқарған. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемдеуге жол ашқан.

«Барлық жұмыс тиісті сапаны қамтамасыз ете отырып, оңтайлы мерзімдерде орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктеріне зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. Өңдеу жұмыстарына 556 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%  артық. Зерттеп-тексеру іс-шараларына шамамен 3,5 мың адам қатысты, бұл фитосанитариялық мониторинг жүргізу мүмкіндіктерін едәуір күшейтті», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркəсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сəкен Қаныбеков.

Оқи отырыңыз: One Health: Алматыда зерттеу орталығы ашылды