Халимназаров мәйітті зерттегеннен кейін оның кеуде қуысынан 1 жарым литр қан анықталғанын мәлімдеді
Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне тікелей әсер еткен жарақат белгілі болды. Бүгінгі сот отырысында прокурорлар мемлекеттік сот сарапшысы Мұхит Оразбекұлын шақырып, мәйіттің сараптамасын тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шерзат сол жақ кеуде тұсынан 12 см жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Осыны айтқан Талғар бөлімшесінің сот сарапшысы Мұхит Көшеров 16 жастағы жігіттің денесіндегі жарақаттарды тізіп шықты. Оның сөзінше, жасөспірімнің қазаға ұшырауына сол жақ кеуде қуысына суық қару кіріп, шаншыла кесілген жарақаты себеп болған. Ал желке тұсы мен саусағындағы сызаттардың, сондай-ақ өзге жарақаттардың қазаға қатысы жоқ екенін айтты.
«Сол жақ кеуде қуысынан жарақат анықталды. Аталған жарақат артқы қолтық асты сызығының арасында, 5-6-қабырға ортасынан табылды. Сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін жарақаттаған. Сыртқы жарақаттың көлемі 2 см. Жара арнасы артынан алдына, солдан оңға және жоғарыдан төменге қарай орналасқан. Жарақаттың тереңдігі - 12 см», – деді мемлекеттік сот-медициналық сарапшысы Мұхит Көшеров.
Осыдан кейін сарапшы мемлекеттік айыптаушылардың «марқұмды дереу ауруханаға апарғанда, оның өмірін сақтап қалу мүмкін бе еді?» деген сауалына жауап берді.
«Көбіне бұндай жарақат себебінен адам өліп кетеді. Дер кезінде арнайы медициналық көмек көрсетіп, ота жасап, қанды тоқтатып, науқасқа қан құйса, аман қалуы мүмкін еді», – деді Мұхит Көшеров.
Сонымен қатарі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев процесске сарапшы Тахир Халимназаровтың қатысуын сұрап, өтініш хат түсірді. Сот қорғаушының өтінішін қанағаттандырды. Ал өз кезегінде Халимназаров мәйітті зерттегеннен кейін оның кеуде қуысынан 1 жарым литр қан анықталғанын мәлімдеді.
«Қанды тез жоғалтқан кезде 500-600 милилитрден кейін адамның жағдайы ауырлайды. 1 литр қан тез кетіп қалса, сол кезде есінен айырылып, ауыр жағдайға тап болады. Бұл жерде өкпе кесіліп тұр, ішіне қан кетіп қалған. Сол үшін аман алып қалу мүмкін болмаған», – деді сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының Полиция департаменті Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша 40 сот сараптамасының жүргізілгенін жария етіп еді. Оның аясында 200-ге жуық куәгерден жауап алынған.
Мәди Бижан, Талдықорған
Еске салайық, Думан Ысқақ тергеу кезінде айтқан сөзінен бас тартты