Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрттар биыл әдеттегіден ерте пайда болған көрінеді
Шымкентте улы жәндіктерден зардап шеккендердің саны артып барады. Биыл өңірде 8 адамды қарақұрт шағып, оның екеуі ауруханаға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал былтыр улы өрмекшіден жапа шеккен 30 тұрғын емханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрттар биыл әдеттегіден ерте пайда болған көрінеді.
«Қарақұрттың шаққаны бірден білінбеуі мүмкін. Алайда салдары өте ауыр болады. Егер алғашқы 48 сағат ішінде дәрігерге қаралмаса, адамның жағдайы нашарлап, тіпті өміріне қауіп төнуі мүмкін», – деді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Қауіп тек қарақұртпен шектелмейді. Шымкентте сарышаяннан зардап шеккендер де жетерлік. Күн ысығалы 11 адамды осы улы жәндік шағып, барлығы ауруханаға жатқызды.
Айта кетейік, былтыр 100-ден аса адам сарышаяннан зардап шегіп, емделген еді.
«Ауа температурасы айтарлықтай жоғары. Бұл – қарақұрт, сарышаян сияқты улы жәндіктердің көбеюіне себеп. Бүгінде зиянкестер қаптап кетті деген ақпарат та жиілеген. Жаздың енді басталып, алда аптап ыстық күтіп тұрғанын ескерсек, улы жәндіктерден зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін», – деді гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында аптап ыстық болады