Сирек кездесетін аурулар: елімізде науқастарға көмек көрсетудің жаңа стандарты қабылданды

29.07.2026 18:46

Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл медициналық көмектің сапасын арттырады

Қазақстанда сирек кездесетін аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетудің жаңа стандарты қабылданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Енді дәрігерлер дертті ертерек анықтап, пациентті бірнеше маман бірігіп қарайды. Емдеу клиникалық хаттамаға сай жүргізіледі, ал ондай құжат болмаса, ғылыми дәлелденген әдістер қолданылады. Жаңа стандарт бойынша науқастың емімен қатар, оңалтуы, жағдайын жеңілдетуге арналған күтімі және басқа да қажеттіліктері бірге қарастырылады. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл медициналық көмектің сапасын арттырып, пациенттің барлық көмекті бір жерден алуына мүмкіндік береді.

«Стандарттың басты жаңалығы – әр пациентке жеке тәсілдің енгізілуі. Енді өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларының жанынан бірнеше сала мамандарынан құралған топтар құрылады. Бұл топтар тек қандай дәрі-дәрмек тағайындалатынын анықтап қана қоймай, науқасты толық емдеу және бақылау жоспарын әзірлейді. Яғни, емдеу, оңалту, жағдайын жеңілдетуге бағытталған көмек және денсаулығын тұрақты бақылау жоспары бір құжатта көрсетіледі», – деді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті басқармасының басшысы Гүлдей Бегалиева.

Науқастарға медициналық көмекті уақытылы көрсетуге ерекше назар аударылады. Пациенттер қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Мамандар алдағы уақытта сирек кездесетін аурулар тізіміне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін де атап өтті. 

«Қазір сирек кездесетін аурулар тізіміне 64 нозология енгізілген. Өткен жылы склероз және ми ісіктеріне қатысты өзгерістер қарастырылғанын оқыдым. Қазір орфандық аурулар тізімінен 11 нозологияны алып тастау мәселесі қаралуда. Сонымен қатар, сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған 53 дәрілік препараттың тізімі қайта қарастырылып жатыр», – деді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті басқармасының басшысы Гүлдей Бегалиева.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда алғаш рет: Алматыда есту қабілетінің бұзылуын ерте анықтайтын бірыңғай жүйе іске қосылды