СҚО-да Орталық Азиядағы ең ірі сүт фермасы ашылды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігі
ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігі

Жаңа жобалар Қазақстан Республикасының Президенті алға қойған стратегиялық міндеттерге тікелей жауап береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі көшбасшылық мәртебесін нығайтып келеді. Өңірде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі, 100 басқа арналған «Карусель» сауу қондырғысымен жабдықталған тағы бір заманауи сүт-тауарлы фермасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жоғары технологиялық сүт кешендерін дамыту Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысының заманауи сүт-тауарлы фермаларын салудағы оң тәжірибесі бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен енгізіліп, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың ең табысты үлгілерінің біріне айналды.

Жаңа жобалар Қазақстан Республикасының Президенті алға қойған стратегиялық міндеттерге тікелей жауап береді. Атап айтқанда, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, өңдеу өнеркәсібі үшін заманауи шикізат базасын қалыптастыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру міндеттері көзделген.

Саланың дамуының кезекті кезеңі Мағжан Жұмабаев ауданында жүзеге асырылды. Мұнда сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіреді. Осылайша ол Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі сүт кешендерінің біріне айналады. Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобаның басты ерекшелігі – Орталық Азиядағы 100 басқа арналған ең ірі «Карусель» сауу қондырғысының орнатылуы. Германиялық бренд шығарған қондырғы жоғары өнімділікті, жануарларға барынша қолайлы жағдайды және өндірістік процестерді толық цифрландыруды қамтамасыз етеді.

Барлық технологиялық шешімдер сүтті мал шаруашылығындағы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Фермада табынды басқарудың автоматтандырылған жүйесі, азықтандыруды цифрлық бақылау, толық компьютерлендірілген құрама жем зауыты, сондай-ақ жануарлардың денсаулығын бақылаудың интеллектуалды жүйелері енгізілген. Жануарларды сауу залына жеткізуден бастап, ыстық кезеңде қора-жайларды салқындатуға дейінгі өндірістік процестердің барлығы дерлік автоматтандырылған.

«Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы сүтті мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бойынша елімізде сөзсіз көш бастап келеді. Өңірдегі 118 сүт-тауарлы фермасының 50-ден астамы қазірдің өзінде «ақылды» кәсіпорындар форматында жұмыс істейді. Геннадий Зенченконың жаңа фермасында шамамен 9 мың бас ірі қара бар, оның 3,6 мыңы – сауын сиырлар. Мұнда Германиялық бренд шығарған 90 басқа арналған сауу каруселі жұмыс істейді. Ал жаңа кешен бұдан да ауқымды болады – мұнда жалпы мал басы 12 мыңға жетеді. Ал 100 басқа арналған сауу қондырғысы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі қондырғы», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бірінші кезеңде 800 басқа арналған сиыр қорасы, заманауи сүт блогы, суалтылған және бұзаулау кезеңіндегі 550 басқа арналған мал ұстау ғимараты, екі бұзаухана және жоғары технологиялық құрама жем зауыты салынды.

«Жыл басынан бері Германиядан әуе көлігімен жоғары өнімді асыл тұқымды малдың 585 басы жеткізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас мал жеткізу жоспарланып отыр», – деді сүт-тауарлы фермасының бас технологы әрі басқарушысы Владимир Сергеев.

Оның айтуынша, заманауи цифрлық технологиялар сауу процесін, жануарлардың жағдайын және өнім сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.

«Жануарлар өздерін жайлы сезінеді және саууға өздері еркін кіреді. Стресс факторларының болмауы жоғары өнімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Барлық процесс барынша автоматтандырылған, ал интеллектуалды бақылау жүйелері жануарлардың жағдайындағы кез келген өзгерісті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Владимир Сергеев.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі сүтті мал шаруашылығын дамытудың жаңа стандартын қалыптастырып отыр. 

Оқи отырыңыз: Алматы кәсіпорындарының қызметкерлері: «23 тамызда біз өз таңдауымызды жасаймыз»