Мамандардың айтуынша, қала маңындағы өзендер гидротехникалық нысан саналады
Алматыда күн ысыған сайын су жағасына ағылатындар қатары да көбейген. Көпшілік қауіпсіздік талаптарын елемей, шомылуға тыйым салынған аймақтарға барады. Құтқарушылардың ескертуі, рейдтер мен айыппұлдарға қарамастан, мұндай жағдайлар тыйылмай тұр. Бұл ретте төтеншеліктер рұқсат етілмеген жерде суға түсу адам өміріне қауіп төндіретінін ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһардағы шомылуға тыйым салынған жерлерге ескерту тақтайшалары қойылғанымен, демалуға келетіндердің қатары сиремеген. Мамандардың айтуынша, қауіп тек судың қатты ағысында емес. Қала аумағындағы өзендер гидротехникалық нысан саналады. Ондағы су ағызу құрылғылары мен бетон бөгеттер адамды өзіне тартып әкетуі мүмкін. Мұндай жағдайда тіпті құтқарушылардың көмегі де ажалдан арашалай алмауы ықтимал.
«Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қағидаларды бұзған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни 30 мың теңгеден асады. Биыл шомылу маусымы басталғалы бері 4 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, қауіпті аумақтарды күн сайын бақылауға алады. Демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жадынамалар таратып, тыйым салынған жерлерде жүргендерден орынды босатуын сұрайды. Дегенмен ескертуге құлақ асқысы келмейтіндер де бар екен.
«Адам әртүрлі ғой. Бірі ескертуді дұрыс қабылдап, талапқа бағынады, енді бірі мән бермейді. Сондықтан қауіпсіздікті күшейту үшін тың тәсілдерді қолданып жатырмыз. Қазір жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтерді балалар мен ата-аналарға кеңінен таратып жүрміз. Сонымен қатар көлікке ілуге арналған қауіпсіздік ережелері жазылған арнайы хош иістендіргіштер де дайындалды», – деді Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Мұхамедәлі Әділбай
Алматыда 44 су айдыны бар, 11 аймақ шомылуға қауіпті деп танылған. Олардың қатарында Үлкен және Кіші Алматы өзендері, сондай-ақ Шаңырақ, Дархан, Қарасу, Кемел шағынаудандарындағы көлдер мен тоғандар, Юннат және Әуежай көлдері бар. Мамандар тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайлар мен демалыс орындарында суға түсуге кеңес береді. Себебі ондай аумақтарда қауіпсіздік талаптары сақталып, құтқарушылар кезекшілік етеді әрі қажетті ескерту белгілері орнатылған.
Айдана Шалқар, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Қазақстанның барлық перзентханаларында тексеру басталды