Шомылу маусымы: Ұлытау облысында 2 күнде 3 адам көз жұмды

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігі ересектердің жауапсыздығынан болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында небәрі 2 күннің ішінде су айдындарында 3 адам көз жұмды. Олардың екеуі – бала. Қайғылы оқиғаның барлығы шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдары орны толмас өкінішке әкелетінін ескертеді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі

Жаз басталғалы еліміздің әр өңірінде судағы қайғылы оқиғалар жиі тіркеліп жатыр. Соның бірі – Ұлытау облысы. Соңғы екі күнде үш адам суға батып кетті. Оның екеуі – бала. Құтқарушылардың айтуынша, барлық оқиға шомылуға тыйым салынған аумақтарда болған. Төтенше жағдайлар департаменті болса, су айдындарында тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер азаймай отыр.

«Өкінішке қарай, биыл 26-27 шілде аралығында облыс аумағында су айдындарында 3 қайғылы жағдай тіркеліп, салдарынан бір ересек азамат пен екі бала қаза тапты. Барлық оқиға суға түсуге тиым салынған орындарда тіркелген. Осыған байланысты Ұлытау облысының төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады», – деді  Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Айдос Аяпбергенов.

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігі ересектердің жауапсыздығынан болады. Балалардың қараусыз қалуы, тыйым салынған жерлерде шомылу және мас күйінде суға түсу – адам өміріне төнетін негізгі қауіптердің бірі.

«Суға түсетін арнайы жерге келіп түскен жақсы. Жан-жақта адамдар болса, байқап көріп тұрады. Қараусыз жерге барып түссе, суға кетіп қалуы әбден мүмкін. Ондай жағдайлар болып жатыр. Сол үшін суға түскенде барлық қауіпсіздік жағдайын қарастырып, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Өздері бірге еріп демалып отырса болады. Өзім жаз бойы күніне 1 рет келіп түсіп кетіп тұрамын», – деді ¤Жезқазған қаласының тұрғыны Баян Қошқарова.

«Жазда жиі келеміз ғой, балаларымызды, немерелерімізді айына 2 рет әкелеміз. Жұмыстан қолымыз босаған кезде. Ата-аналар балаларға қарасын, қауіпсіздік ережесін сақтаған дұрыс. Әр ата-ана баласына ие болады деп ойлаймын», – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Райкүл Жалғасбаева.

Айта кетейік, Ұлытау облысында азаматтардың қауіпсіз шомылуы үшін рұқсат етілген 4 орын бар. Олар Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы өзіңіздің де, жақындарыңыздың да өмірін қорғай аласыз. Ал төтенше жағдай бола қалса, уақыт оздырмай 112 немесе 101 нөміріне хабарласу қажет.

«Шомылуға тыйым салынған белгілері қойылған жерге суға түспеңіз. Балаларды су айдындарында қараусыз қалдырмаңыз. Мас күйде суға түспеңіз. Балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап жағалаудың қауіпті учаскелеріне жақындамаңыз», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Айдос Аяпбергенов

Су айдыны сырт көзге тыныш әрі қауіпсіз көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осындай орындарда қауіпсіздік ережесі сақталмаса, бір сәттің ішінде қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Сондықтан құтқарушылар арнайы жабдықталған жағажайларды ғана таңдауға және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға шақырады.

Алтынгүл Төлегенова, Дастан Тұрар, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Атом саласындағы жаңа кезең бойынша Қазақстанның негізгі жетістіктері қандай