Суреттер сөйлейді: қызылордалық өнертанушы суретке жан бітіруде

Ол әр картинаға QR код енгізіп, келушілерге үнсіз туындыларды жанды нұсқада көрсетуді көздеп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылордалық өнертанушы Айдана Ерболқызы жасанды интеллектінің көмегімен картиналарға жан бітіріп, тарихи туындылардың тағы бір тынысын ашып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – 1925 жылы ел астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіру кезіндегі көрініс. Вокзалдағы қарбаласты оралдық суретші Нұрбек Жәрдемов бейнелеген. «Қызылорда» атты бұл туынды – өнертанушы Айдана Ерболқызының жасанды интеллект көмегімен жан бітірген алғашқы еңбегі. Картинаға көпшіліктің бірден назары ауыпты.

 «Жасанды интеллектпен жұмыс жасау үшін әрбір картинада қимыл-қозғалысты білдіретін динамика болуы шарт. Себебі жәй ғана суретті қимылдату ол қателік болып саналады. Адамның бейнесін қозғай берсе де мазақ етілгендей әсер болуы мүмкін. Соған байланысты тек қимыл қозғалысты көрсете алатын, бір ойды жеткізе алатын картиналарды таңдаймын», – деді өнертанушы Айдана Ербол.

Сурет – сыр айтады, сурет – мұңайтады, сурет – сөйлейді. Сондықтан қылқалам шеберлері көз майын тауысып салған еңбекті жаңаша дәріптеудің маңызы зор. Бүгінде Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қорында мыңнан астам картина бар. Қазір жас өнертанушы жасанды интеллект көмегімен осы шығармаларды жанды бейнеге айналдырып жатыр.

«Жасыратыны жоқ ай сайын түрлі көрме, шеберлік сабақ өткізіліп жатады. Бірақ көрермендердің қызығушылығы кейде төмен деп те айтсам болады. Сондықтан халық назарын арттыру мақсатында галерея қорындағы туындыларға жасанды интеллекті жасап көріп жатырмыз. Қорда 1 мыңнан астам туынды бар, арнайы жоба ретінде, қолға алдық», – деді С. Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясының меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.

Көркем дүниені көзге іле бермейтіндердің анимациялық қозғалысқа құрылған тың дүниеге таңданысы ерекше. Бұл бір жағынан көрмеге көрермен тартудың төте жолы болса керек. Өйткені Айдананың бастамасын әлеуметтік желіден тамашалаған тұрғындар галереяға көптеп келе бастаған.

 «Жасанды интеллект арқылы суреттерге жан бітіріп жатыр. Біз де, оқушылар да қуанышты. Жасанды интеллект арқылы қимыл-қозғалысқа енген картинаның мән-мағынасы ашыла түскен», – деді№ 101 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлбану Омарова

«Атап айтқанда, «Қаралы хабар» шығармасы. Бұл жерде біз жасанды интеллект қана емес, анимациялық жұмысты да бірге біріктіріп жасап көрдік. Яғни, суретті қимылдатып қана қоймай, бір философиялық ойды көрсету үшін картинаға қозғалыс жасай алдық», – деді өнертанушы Айдана Ербол.

Қимыл-қозғалысқа құрылған бейнелерді әзірлеуші жас маман білімін жетілдіріп, іске білек сыбана кіріскен. Ол әр картинаға QR код енгізіп, келушілерге үнсіз туындыларды жанды нұсқада көрсетуді көздеп отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: 

 

Новости партнеров