Жасөспірімнің қазасына қатысты қылмыстық іс тіркелді
Қостанайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Бала түскі ұйқыдан оянбаған. Әлеуметтік желіде қайғылы жағдайға бөлменің шамадан тыс ысып кетуі мен салқындатқыштың жоқтығы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қостанайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 130 бала бар. Олардың 60-тан астамы тұрақты тұрады, өзгелері күндізгі стационарға қатынайды. Күні кеше мекемеде қайғылы жағдай болды. Күрделі диагнозы бар бала түсте ұйықтап, сол күйі оянбаған.
«Тәрбиешілердің айтуынша, бала сол күні өзін жақсы сезінген. Дене қызуы көтерілмеген, денсаулығынан қандай да бір ауытқу байқалмаған. Түскі ұйқы кезінде ұйықтап, оянбай қалған. Орталықта білікті мамандар мен медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Олар дереу жедел жәрдем мен полиция шақырған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп, қажетті сот-медициналық сараптамалардың барлығы тағайындалды», – деді Қостанай облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Басенова.
Әлеуметтік қорғау басқармасының хабарлауынша, салқындатқыштар ойын залдарына орнатылған. Ал жатын бөлмелерде мұндай құрылғы жоқ. Баланың нақты неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Қайғылы оқиғадан соң орталыққа арнайы комиссия барып, балалардың күтімі мен тұрмыс жағдайын тексерген.
«Әр топта ауа температурасы бақылауға алынып, ауызсу режимі қамтамасыз етілген. Барлық топқа тиісті кондиционерлер орнатылған. Балалардың жанында тәулік бойы оларды бағып-күтетін, бақылап, жұмыс жүргізетін қызметкерлер болады. Оқиғаға тиісті баға беріліп, өлімнің нақты себебі тергеу қорытындысынан кейін анықталады», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова.
Жасөспірімнің қазасына қатысты қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүргізіліп жатыр.
«Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу дерегі бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр. Қажетті процестік іс-шаралар атқарылуда. Оның нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады», – деді Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.
Айта кетейік, орталық бұған дейін де жаға ұстатарлық оқиғалармен жұрт назарын аударған. Соңғы істердің бірінде психоневрологиялық бұзылысы бар қызды азаптаған тәрбиеші сотталған. Іс материалдарына сәйкес, ол балаға үтікпен дене жарақатын салған. Сот тәрбиешіні кінәлі деп танып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын.
Айжан Дайрабай, Елисея Томашевская
Оқи отырыңыз: Ашық аспан астындағы кітапхана: Алматыдағы саябақтарда буккроссинг қалай дамып келеді