Жеке аударым ба, әлде кәсіп пе: салық органдары екі араны қалай ажыратады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жеке аударымдар мен кәсіпкерлік табысты ажырату үшін арнайы фильтрлер енгізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мобильді аударымдарды бақылау жүргізуі барлық азаматтардың жеке аударымдарына жүрмейді. Салық органдары банктермен бірлесіп, тек кәсіпкерлік қызмет белгілері бар шоттарды анықтайтын нақты өлшемшарттарды бекіткен. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Өндірістік емес төлемдерді және жеке толықтыруларды әкімшілендіру департаментінің директоры Шындали Заңғар түсіндіріп берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Мобильді аударымдар бастапқыда жеке тұлғалардың бір-біріне ақша аударуы үшін жасалған ыңғайлы құрал болғанымен, уақыт өте келе бизнес өкілдері оны төлем қабылдау тәсілі ретінде кеңінен қолдана бастады. Банк келісімшарттарында жеке шоттарды бизнес үшін пайдалануға тыйым салынғанымен, нарықта жиі кездесіп жатады.

Жеке аударымдар мен кәсіпкерлік табысты ажырату үшін арнайы фильтрлер енгізілген.

— Не үшін 100 аударым, не үшін үш ай, не үшін 1 миллион 20 мың теңгеден асуы керек? Бұның бәрі келісілген және зерттелген. 100 әртүрлі адамнан үш ай бойы қатарынан ай сайын төлем түсіп, сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асса, бұл — жеке аударымның емес, бизнестің бейнесі. Барлық аударымдар тексерілмейді. Қарапайым азаматтардың күнделікті аударымдарына бұл критерийлердің қатысы жоқ, — деді Шындали Заңғар.

Спикер жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері үшін мемлекет тарапынан өте ыңғайлы салық режимдері қарастырылғанын атап өтті. Мәселен «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы өзін-өзі қамту режиміне өтуге болады.

— Өзін-өзі қамту режимінде ешқандай салықтық есептілік тапсырудың қажеті жоқ. Тек мобильді қосымша арқылы түбіртек бересіз. Салық мөлшері табыстың 4 пайызын ғана құрайды. Бұл 4 пайыздың өзі мемлекеттік салық емес, азаматтың өзінің зейнетақы қорына, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына аударылатын төлемдер. Ал жеке кәсіпкер болып тіркелсе, салық мөлшері 2-4 пайыз аралығында болады. Керісінше, салықтан жалтаратындар ертең анықталса, 10 пайыз айыппұл салығын төлеуге мәжбүр болады, — деп ескертті Департамент басшысы.

Сонымен қатар Шындали Заңғар қолма-қол ақшаға қайта өту уақытша ғана құбылыс екенін айтты. Тұтынушылар өзіне ыңғайлы онлайн төлемдерді, QR-кодты талап ететіндіктен, болашақта цифрлық төлемдер үлесі бәрібір басым болады. Ал салық органдары цифрландыру арқылы бизнесті бақылауды емес, оған қолайлы сервистік қызмет көрсетуді ары қарай дамыта бермек.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 2026 жылдың тамыз айында қалай демалады