Жыл басынан бері су заңнамасын бұзудың 900-ге жуық дерегі анықталды

29.07.2026 15:48

Жалпы сомасы 155 млн теңгеге жуық 444 әкімшілік айыппұл салынды

Аlmaty.tv

Жыл басынан бері елімізде су заңнамасын бұзудың 896 дерегі анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген заңсыз су сату мен сатып алудың алдын алу жөніндегі Жол картасы аясында мониторингтік топтар күн сайын су пайдалану лимиттерінің сақталуын тексеріп, шартсыз немесе рұқсатсыз су пайдалану фактілерін анықтап келеді.

«2026 жылдың өткен кезеңінде бассейндік су инспекциялары жалпы 454 тексеру жүргізіп, су заңнамасын бұзудың 896 фактісін анықтады. Нәтижесінде 183 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 155 млн теңгеге жуық 444 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ 56 материал сотқа жолданды», – деді спикер баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, алдын ала қабылданған ұйымдастырушылық шаралардың, трансшекаралық су объектілері бойынша халықаралық ынтымақтастықтың уақытылы жүргізілуінің, су беру режимдерін жедел реттеудің және су пайдалануға бақылауды күшейтудің нәтижесінде вегетациялық кезең тұрақты бақылауда болып, штаттық режимде өтіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Еліміздің бес өңірінде су пайдалану лимиті бекітілді