Болашақ ойындары 2026: әлемнің 50-ге жуық елінен келген спортшы бақ сынайды

27.07.2026 21:45

Қазақстан атынан баскетболдан сынға түсетін командалардың бірі -– «Астана»

Астанаға әлемнің жетекші фиджитал және киберспорт командалары жинала бастады. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі беделді турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Енді санаулы күннен кейін елордада көпшілік асыға күткен «Болашақ ойындары 2026» басталады. Қазір командалар соңғы дайындықтарын пысықтап, жаттығу алаңдарында шеберлігін шыңдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елордада екі күннен кейін әлемнің 50-ге жуық елінен келген мыңға жуық спортшы қатысатын халықаралық турнир басталады. Қазір Астанаға байрақты бәсекеде бақ сынайтын командалар біртіндеп жиналып жатыр. Бас қалаға алғашқылардың бірі болып баскетболдан сынға түсетін Сербия құрамасы табан тіреді. Команда капитаны Душан Хукич бұл бәсекеге алғаш рет қатысқалы отырғандарын айтып, ел намысын абыроймен қорғауға ниетті екенін жеткізді.¤

«Өте мықты командалар жиналған, сондықтан әрбір матч қиын болайын деп тұр. Менің ойымша, мықты топқа түстік. Біздің қарсыластарымыздың арасында Ресей командасы, Астана қаласының өз командасы және Франциядан келген команда бар. Барлығының деңгейі жоғары, сондықтан әр ойын күрделі өтеді. Біз әр матчта бар күшімізді салып, жеңіске жетуге тырысамыз. Қазір бейнеойындарды да жақсы ойнау үшін жаттығып жүрміз. Екі саланы қатар алып жүруге тырысамыз, бірақ біздің ең мықты тұсымыз – баскетбол», – деді «Вождовац» командасының капитаны Душан Хукич (Сербия).

Ал Қазақстан атынан баскетболдан сынға түсетін командалардың бірі -– «Астана». Бұл – ұжым үшін халықаралық додадағы алғашқы тәжірибе емес. Команда бұған дейін Абу-Дабиде өткен «Болашақ ойындары» турниріне қатысып, үшінші орынға ие болған. Енді елордалық команда кезекті бәсекеде де жоғары нәтиже көрсетуді мақсат етіп отыр.

«Дайындықты тура жаздың басынан бастадық. Себебі кәсіби баскетболмен айналысамыз, классикалық 5х5 форматында ойнаймыз. Цифрлық форматтағы дайындық та болды, өйткені біз үшін жаңа нәрсе. Негізі кейбіреулер киберспортшыны қосып, құрамында екі кәсіби баскетболшымен ойнайды. Ал біз бұл турнирде физикалық жағына көбірек көңіл бөлдік», – деді  «Астана» командасының капитаны Руслан Айтқали.

Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион долларды құрайды. Ал дода 29 шілдеде басталып, 9 тамызға дейін жалғасады.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Болашақ ойындары – 2026: Астанада халықаралық мультиспорттық турнир басталады