Шың басына бір қадам: Алуа Нурман әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілді

03.08.2026 09:24

Қазақстандық шахматшы юниорлар арасындағы жаңартылған FIDE рейтингінде жоғарылады

Depositphotos.com

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) жиырма жасқа дейінгі юниор қыздар арасындағы әлемдік рейтингтің жаңартылған тізімін жариялады. Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада кезекті рет жоғары шеберлік танытып, өз позицияларын нығайта түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Рейтингтің жаңаруында 19 жастағы алматылық шахматшы Алуа Нурман айтарлықтай табысқа жетті. Ол өз қоржынына 7 ұпай қосып, 2 442 ұпаймен әлемдік кестеде төртінші орыннан үшінші орынға көтерілді.

Қазіргі таңда юниорлар арасындағы үздік үштік төмендегідей:

  • Анастасия Гнатышин (Украина) — 2 465 ұпай;
  • Анна Шухман (FIDE/Ресей) — 2 443 ұпай;
  • Алуа Нурман (Қазақстан) — 2 442 ұпай.

Ерекше атап өтерлігі, отандық шахматшыны екінші орында тұрған қарсыласынан бары-жоғы бір рейтингтік ұпай ғана бөліп тұр.

Алуа Нурман — блицтен Азия чемпионы (БАӘ, 2025). Сонымен қатар, осы жылдың маусым айында Гонконгта өткен командалық әлем чемпионатында 19 жастағы спортшы жеке тақтада блицтен алтын және рапидтен күміс жүлде жеңіп алған еді.

FIDE-нің үздік жүз юниор қызының тізімінде еліміздің өзге де өкілдері жоғары орындардан көрінді:

  • Амина Қайырбекова 13-орынға жайғасты (2 353 ұпай);
  • Елназ Қалиахмет 22-орында тұр (2 304 ұпай);
  • Зарина Нұрғалиева одан кейінгі 23-орынды иеленді (2 302 ұпай);
  • Мария Холявко рейтингтің 60-жолына тұрақтады (2 217 ұпай).

Еске сала кетейік, ересектер арасындағы әлемдік рейтингте 22 жастағы қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева планетаның ең мықты шахматшыларының арасында бесінші орынды сенімді түрде сақтап келеді.