Студенттер лигасы: баскетболдан 27 команда бақ сынауда

Студенттік лиганың ақтық ойындары 25 мамырда өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда студенттер арасында спорт лигасы жалғасып жатыр. Қаладағы 35 жоғары оқу орнының басын біріктірген дүбірлі дода жастар арасында жүзден жүйрікті анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Студенттер үшін нағыз спорт аламанына айналған Алматыда доп додасы әр сенбі, жексенбі күндері өтіп жатыр. Соның ішінде волейболдан 44 команда бақ сынауда. Оның 22-сі қыздар, ал қалғаны ерлер құрама командасы. Қатысушылар бұл турнирде 4 топқа бөлініп, кіл мықтыны анықтайды. Аламан бәйгеде қыздар құрамасының екінші турнирі 27 сәуірде басталса, жігіттер алғашқы ойынды 26 сәуірде ойнады. Спорт сайысының бұл түрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Алаңдар сапалы жабдықталып, заманауи технологиялар қолданылған. Нақты кесте жасалып, кәсіби төрешілер төрелік етуде. Ал турнир аяқталғанда қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталмақ.

«Турнир өте керемет ұйымдастырылған. Әсіресе, сайыстың Балуан Шолақ кешенінде өтіп жатқаны қуантады. Өйткені, мұндағы алаң заманауи жабдықталған, сапалы тор қойылған, ойын кестесі де ыңғайлы. Біз мұнда аптасына 3 рет жаттығамыз, дайындығымыз өте жақсы. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!» – деді жарысқа қатысушы Рахат Мұхамедияров.

Ақтық финалға шығу үшін жас футболшылар да қарсыластарына дес берер емес. Турнирдің бұл түрінен 24 команда 4 топқа бөлініп, бақ сынап жатыр. Шаһардың жоғары оқу орындары түлектерінің басын қосқан додада бәсекелестік жоғары. Тіпті кейбір ойыншылар футбол академияларында жаттыққан. Қатысушылардың «бұл – жай ғана жарыс емес, жастар үшін үлкен спортқа бастар жол, мол мүмкіндіктер алаңы» дейді.

 «Турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр. Басқа оқу орындарынан келген қатысушылармен жарысып жатырмыз. Өте қызық, бірақ қиындықтар да жоқ емес. Жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз. Чемпион атағына ең мыңты команда лайықты боларына сенемін», – деді жарысқа қатысушы Данил Лавров.

«Футболды ұйымдастырғанына өте қуаныштымыз! Үлкен футбол дамудың үстінде. Сондықтан құрама командалардың, балалардың ішінен болашақ чемпиондар шығуы мүмкін. Ойын кәдімгі үлкен футболдың ережесімен өтіп жатыр», – деді жаттықтырушы Жасұлан Байғазиев.

Бұқаралық спортты дамытып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастама қала әкімі Ерболат Досаевтың тікелей қолдауымен және спорт федерацияларының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Лиганың негізгі мақсаты – жастарға барынша қолдау көрсету.

Қазір баскетбол турнирінде 17-мен 25 жас аралығында 27 команда бақ сынауда. Оның жетеуі әйелдер, ал 20-сы ерлер құрамасы. Спорттың бұл түрінен алғашқы ойын 19 сәуірде өтті. Ал ақтық матч 1 маусымға жоспарланған. 

«Бұл – жаңа бастама. Бұрын-соңды елімізде дәл осындай ауқымды форматта ойындар ұйымдастырылмаған. Алдағы уақытта басқа қалалар Алматыдан үлгі алып, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосады деп сенемін. Соңғы жылдары студенттер арасында баскетбол құлдырап кеткен. Бірақ осы лиганың арқасында спорттың бұл түрі қайта жанданып жатыр. Жастар қызығушылық білдіре бастады», – деді баскетболдан студенттер лигасының үйлестірушісі Дмитрий Чмиль.

Болашақ чемпиондарды дайындауға ықпалы зор студенттік лиганың ақтық ойындары 25 мамырда өтеді. Жеңімпаздар мен турнирге қатысқандарға медальдар, кубоктар, бағалы сыйлықтар мен арнайы номинациялар табысталады. Ал келесі оқу жылынан бастап доп додасы тұрақты чемпионат форматында ұйымдастырылмақ. Игі бастама дарынды жастарға жол ашып қана қоймай, елімізде бұқаралық спортты жоғары деңгейге көтермек.

Аяулым Көлжігіт, Владислав Иващенко, Ялкунжан Әшімжанов, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы дзюдодан төрт медаль жеңіп алды

Новости партнеров