Таза Қазақстан: Алматыдағы Баум тоғайы тазартылды

Жыл соңына дейін Экология министрлігімен бірлесіп, 5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық экобелсенділер Баум тоғайын қалдықтан тазартуға білек сыбана кірісті. Түрксіб ауданы әкімдігінің өкілдері мен «Самұрық-Қазына» қорының екі жүзден астам қызметкері әр бұрышты аралап, санитарлық тазалау жүргізді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Өзге өңірлерден арнайы келген жұмысшылар да қолдарына тырма алып, табиғатты аялауға үлес қосты. Бірнеше сағатқа созылған акция нәтижесінде тоғай ішінен екі жүк көлігіне тиелген қоқыс шығарылды.

«Алматы қаласында «Самұрық-Қазына» қорының 200-ге жуық қызметкері Президентіміздің бастаған «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, Алматы қаласындағы сенбілікке шықты. Қоршаған ортаны таза ұстау жүйелі түрде қалыптасып келеді.  Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деді  «Самұрық-қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.¤

  Эко-бастамалар компаниялар тобы үшін күнделікті өмір салтына айналған. Жыл басынан бері қор қызметкерлері еліміз бойынша мыңнан астам сенбілік ұйымдастырып, өндірістік аймақтарда да тазалық режимін енгізді. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 6 миллионға жуық жасыл желек егілсе, жыл соңына дейін Экология министрлігімен бірлесіп, тағы 5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған.

«Экологияны барлық адам қолдауға, аялауға міндетті. Сол үшін де келіп отырмыз, 10 шақты жұмысшы экологиялық акцияға қатысып жатыр. Команда ретінде табиғатқа жанашырлық көрсетіп, экологиялық мәдениетті қолдауға міндеттіміз деп ойлаймын», – деді эколог Мадина Өмірбаева.

Оқи отырыңыз: Шомылу маусымы: Алматыда қай жерде шомылуға болады