Әлемдік мұнай бағасы шілдеде айтарлықтай өсті

01.08.2026 10:25

Сарапшылар мұнай нарығындағы құбылмалылықтың әлі де сақталып отырғанын айтты

Almaty.tv

Әлемдік мұнай бағасы жұма күнгі сауда-саттықты 1%-дан астам өсіммен аяқтап, шілде айын наурыздан бергі ең жоғары көрсеткішпен қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,3% өсіп, баррелі 90,12 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 1,5% қымбаттап, баррелі 84,67 долларға жетті. Шілде айының қорытындысында Brent шамамен 24%, ал WTI 21% өсті.

Reuters агенттігінің жазуынша, мұнай бағасының өсуіне Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі және негізгі тасымал бағыттарында мұнай жеткізіліміне төнген қауіп әсер еткен. Бұған қоса, АҚШ-тағы мұнай қорының 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін қысқаруы және елдегі өндіріс көлемінің азаюы да бағаның өсуіне ықпал еткен.

Сонымен қатар сарапшылар мұнай нарығындағы құбылмалылықтың әлі де сақталып отырғанын айтады. Инвесторлар Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты жағдайды, сондай-ақ әлемдік мұнай сұранысының болашағын жіті бақылап отыр.

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki қоршаған ортаға залалын тигізбей ме - мамандар жауап берді