56 жастағы тұрғынға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған
Ақтөбеде полиция тұрғынның 8 млн теңгесін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының 56 жастағы тұрғынына өзін алдымен жеткізу қызметінің, кейін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған.
Олар жалған несие рәсімделіп жатқанын айтып, әйелді ешкімге ештеңе айтпауға және өз нұсқауларын орындауға көндірген.
Алаяқтар әйелдің екі бөлмелі пәтері бар екенін біліп, оны “мүлкіңізді сақтап қаласыз” деген желеумен нарық бағасынан төмен бағаға сатуға үгіттеген.
Жәбірленуші жылжымайтын мүлік агенттігіне жүгінген. Пәтер 8 миллион теңгеге бағаланған.
Алайда агенттік менеджері алаяқтық белгілерін байқап, бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері әйелге алаяқтардың арбауына түскенін түсіндіріп, пәтердің сатылуына жол бермеді.
Полиция ескертеді: банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар ешқашан SMS-кодтарды айтуды, мүлікті сатуды немесе ақшаны “қауіпсіз шотқа” аударуды талап етпейді.
Осындай қоңыраулар түссе, әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарласыңыз.
Оқи отырыңыз: 29 шілде — Халықаралық жолбарыстар күні