Сот үкімі заңды күшіне енді
Елордада қаладағы автосалондардың бірінде сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген ер адам пайдакүнемдік мақсатта алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қала тұрғындарына тиесілі екі автокөлікті заңсыз иемденген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленушілер өздеріне тиесілі «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» автокөліктерін әрі қарай сату үшін автосалонға тапсырған. Кейін ер адам көлік иелеріне автокөліктерге сатып алушы табылғанын айтып, ақшасы бірнеше күн ішінде аударылатынына сендіріп, көліктерді үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген.
Автокөліктер қайта рәсімделгеннен кейін сотталушы оларды сатудан түскен ақшалай қаражатты өз қалауынша жұмсаған. Заңға қайшы әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге жалпы сомасы 23 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы меншікке қарсы қылмыстар жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына дейін қылмыстық жауаптылықтың көзделгенін еске салады және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Өскеменде мерзімді қызметтегі әскери қызметшіге іздеу жарияланды