Бес спортшы жаңа пәтер иегерлері атанды
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшыларға пәтер кілттерін табыс етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бес спортшы жаңа пәтер иегерлері атанды. Спорттық гимнастикадан Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов екі бөлмелі пәтер алды.
«Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған кезде «Нариман, сыйақы да, пәтер де беріледі» дегенде қатты қуандым. Әрине пәтер – әрбір жас үшін, әрбір азамат үшін үлкен бақыт. Пәтерге толық жөндеу жұмыстарын да жасап берді. Мен мұндайды күтпедім. Мемлекетімізге, Спорт басқармасына рақмет айтамын!», – деді Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов.
Спортшы, ҚР ҚК қызметшісі Нариман Құрбанов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің - орталық спорт клубының нұсқаушысы.
Қола жүлдегерлер — бокстан спортшы Назым Қызайбай мен атқыш Ислам Сәтбаев бір бөлмелі пәтер иегерлері атанды. Айта кетсек, спортшы, қатардағы жауынгер Ислам Сәтпаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің - орталық спорт клубының нұсқаушысы.
«Еңбегіміз бағаланып, көрсетілген құрмет, сый-сияпат мотивация береді деп ойлаймын. Бізге ғана емес, артымыздан еріп келе жатқан жас спортшылардың қызығушылығын арттырады. Осы сәтті пайдаланып, Алматы қаласы әкімдігіне барлық спортшы атынан алғыс білдіреміз!» – деді Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай.
Қола медаль иегерлері, дзюдошы Гусман Қырғызбаев және пневматикалық мылтықтан ату спортшысы Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда. Оларға пәтерлер кілттері Алматыға оралғаннан соң беріледі.
«Сіздің жеңістеріңіз-көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі және спортшылардың жаңа буыны үшін лайықты үлгі. Алматы Сіздердің жетістіктеріңізді жоғары бағалайды және Сіздерді жаңа жетістіктерге жету жолында үнемі қолдайтын болады», — деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде спортшылар ниет пен көрсетілген қолдауға алғыстарын білдірді.
Анықтама: 2024 жылдың 11 тамызында Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Алматылық спортшылар бірқатар медальдарды жеңіп алды және халықаралық аренада еліміздің спорттық беделін нығайтты әрі Қазақстанды абыроймен әлемге паш етті.
20 тамызда Алматы қаласының әкімдігінде Олимпиада жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шара аясында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табыс етілді. Кездесу кезінде Алматы әкімдігінен ақшалай сыйлықтар мен автомобильдер табысталды.
Тұрғын үй беруге келетін болсақ, жүлдегерлерге берілген сертификат титулды спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз ету тетігінің бірінші кезеңі болып табылады. Сертификаттар тапсырылғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастыруды және конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді.
2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді.