Алматының Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Чайковский көшесінің Қазыбек би көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі бөлігі көркейтіліп жатыр. Жоба жергілікті тұрғындардың бастамасымен қолға алынып, көктемнен бері жүзеге асырылуда. Бұл туралы Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Аумағы 0,6 гектар болатын учаскеде демалыс пен серуендеуге арналған жайлы жүргіншілер кеңістігі қалыптастырылуда. Оның 0,4 гектары көгалдандыруға бөлінген. Мұнда көгал төселіп, көпжылдық бұталар отырғызылып, бұрын болмаған автоматты суару жүйесі орнатылуда.
Қалған 0,2 гектар аумақта жүргіншілерге арналған жабын жаңартылады. Жоба аясында 985 шаршы метр кеспетас пен 250 шаршы метр асфальт төселіп, көлеңкелі шатыр, пергола және 27 жаңа жарықтандыру бағаны орнатылады. Жарық шамдарын қосу үшін 400 метр кабель желісі тартылған.
№85 үйдің тұрғыны Жанат Ізжанованың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі тұрғындарды қуантады.
«Жасалған жұмыстарға өте ризамыз. Біздің ауламыз тұрғындардың сүйікті орны еді, енді бұрынғыдан да көркейе түсті. Автоматты суару жүйесі орнатылып, жайлы орындықтар қойылды, спорт және балалар алаңдары жаңартылды. Көріктендірудің арқасында бұл жер нағыз саябаққа айналғандай әсер қалдырады. Осындай игі жұмыс үшін алғыс айтамыз», – деді тұрғын.
Аудан әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, жоба тұрғындардың күнделікті көтерген мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тротуарлар жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жақсартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жылыту маусымына дайындық пен білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді