Мамандар қауіпті белгілерді ерте анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алу жолдарын түсіндірді
Almaty TV телеарнасы «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымы қоғам үшін маңызды әрі өзекті тақырып – жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесін көтереді. Бағдарлама барысында сарапшылар кәмелетке толмағандардың қылмыстық ортаға не себепті тап болып жататынын, ондай жағдайлардың алдын алу тетіктерінің қаншалықты тиімді екенін және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасының, мектеп пен қоғам жауапкершілігін талқылайды.
Соңғы он жылда Қазақстанда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны шамамен үш есеге азайды. Алайда мамандар ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бұл оң үрдіс мәселе толық шешілді дегенді білдірмейтінін атап өтті. 2025 жылы қылмыстық істер бойынша күдікті деп танылған жасөспірімдер саны 2,5 мың адамға жеткен. Әсіресе сотталған жасөспірімдердің көпшілігінің ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танылғаны айрықша алаңдатады.
Дегенмен биыл жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқаны байқалады. Оның ішінде Алматыда жасөспірімдер қылмысы 4,6%-ға азайған. Дегенмен құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында әлі де қолдауға мұқтаж мыңдаған жасөспірім мен отбасы бар.
«Жыл басынан бері Алматыда жасөспірімдер қылмысы 4,6%-ға төмендеді. Бұл нәтижеге тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу субъектілерінің бірлескен жұмысының арқасында қол жеткізілді. Өздеріңіз білетіндей, жас ұрпақты тәрбиелеуде педагогикалық ұжымдар мен отбасының рөлі ерекше. Кәмелетке толмағандар көбіне мүліктік қылмыстарға – ұрлыққа, тонауға, сондай-ақ төбелес пен ұсақ бұзақылыққа барады», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бағдарламада сарапшылар қылмыстық статистика тек құқықбұзушылықтардың салдарын көрсететінін, ал алаңдатарлық алғашқы белгілер әлдеқайда ертерек байқалатынын атап өтеді. Өткен жылы «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына балалар мен жасөспірімдерден 111 мыңға жуық өтініш түскен. Оның негізгі бөлігі мектептер мен колледждердегі QR-кодтар арқылы жазбаша жолданған. Өз мәселесін ашық айтып, көмек сұрауға батылы жететін бала санаулы ғана.
Мамандардың пікірінше, ересектердің жеткілікті көңіл бөлмеуі, қолдаудың жоқтығы және сенімге құрылған қарым-қатынастың әлсіздігі жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне жиі себеп болып жатады.
«Жалпы, бала психикасының ерекшелігі сол, егер ішкі қажеттілігі өтелмесе, ол оны тіпті, айналасына зиян келтіретін әрекет болса да орнына келтірудің амалын табады. Яғни, "Жаман нәрсе істесем болды – бәрінің назары бірден маған ауады" деген түсінік қалыптасады. Ол реніш пен ашу ма, айғай ма, қорлау ма, ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, өзіне назар аударылса, болды», – дейді психолог әрі гештальт-терапевт Наталья Ткаченко.
Бағдарламаның бір бөлігі білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарға арналған. Биыл буллингті ерте анықтаудың бірыңғай алгоритмі 3 мыңнан астам балаға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Бұған қоса, бұған дейін сынақтан өткен «ДосболLIKE» бағдарламасы бүгінде еліміздегі барлық мектеп пен колледждерге енгізілді.
Сондай-ақ мамандар колледж студенттеріне психологиялық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөліп отыр. Себебі дәл осы кезеңде жасөспірімдер жаңа өмірлік сынақтарға тап болып, өз бетінше шешім қабылдауға көбірек дағдылана бастайды.
«Біз барлық студенттің ата-анасынан олармен тікелей жұмыс істеуге рұқсат аламыз. Мұнда ең бастысы, сенімді атмосфера қалыптастыру. Сонда студент ашылып, өз мәселесін еркін айта алады. Жасөспірімдер өте осал санатқа жатады. Олар өздерін ересек сезінгенімен, эмоциялық тұрғыдан әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан қай әрекеттің дұрыс, қайсының бұрыс екенін әрдайым саралай алмайды», – дейді педагог-психолог Айжан Оспанова.
Бағдарлама авторлары құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған жаңа тетіктерге де тоқталады. 2 наурыздан бастап Қазақстанда құқықбұзушылықтың алдын алу туралы бірыңғай заң қолданысқа енгізілді. Ол полиция, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің жұмысын бір арнаға тоғыстырады. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамаған ата-аналардың жауапкершілігі күшейтілді.
«Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы – жай ғана сандар мен қылмыстық статистиканы тізіп беру емес, жасөспірімдердің неліктен қателікке бой алдыратынын, олардың бойындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде қалай байқауға болатынын және балалар тағдырын сақтап қалуға қандай шешімдер ықпал ететінін түсінуге жасалған талпыныс. Өйткені профилактикалық жұмыстың шынайы тиімділігі ашылған қылмыстардың санымен емес, уақытылы көрсетілген көмек, отбасының қолдауы мен қоғам жанашырлығының арқасында заңбұзушылыққа бармаған жасөспірімдердің санымен өлшенеді.
Оқи отырыңыз: Бала құқығы бәрінен биік: алимент мәселесі «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымында талқыланады